Астанада TANYM ART және TANYM SPORT атты екі жаңа мемлекеттік мектеп оқушыларының сарайы ашылды
Астанада екі жаңа Мектеп оқушылары сарайы ашылды: балаларға қандай мүмкіндіктер туды
Заманауи көпфункционалды кешендер балалардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық қабілеттерін дамытуға арналған. Әр кешен бір ауысымда 750 тәрбиеленушіге есептелген.
TANYM ART: шығармашылық пен технологиялар кеңістігі
Сарыарқа ауданында ашылған жаңа кешенде шамамен 50 оқу кабинеті бар. Мұнда оқушылар робототехника, бағдарламалау, STEM-технологиялармен айналысып, дрондарды басқаруды үйреніп, ғылыми және техникалық шығармашылық дағдыларын дамыта алады.
Сондай-ақ хореография, вокал, театр және музыка өнері, шахмат пен қолданбалы шығармашылық бағыттары бойынша сабақтар қарастырылған.
TANYM SPORT: жас спортшыларға арналған жаңа мүмкіндіктер
Алматы ауданында TANYM SPORT спорт кешені ашылды. Мұнда шамамен 30 спорт секциясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Кешенде бассейн, көпфункционалды спорт залдары, бокс, күрес және спорттың басқа да түрлерімен айналысуға арналған кеңістіктер жабдықталған.
Заманауи инфрақұрылым балаларға дене дайындығын жақсартуға, спорттық дағдыларын дамытуға және жарыстарға дайындалуға мүмкіндік береді.
Екі кешен де үш қабатты ғимараттарда орналасқан және әрқайсысының ауданы 12 мың шаршы метрден асады. Оларда оқу кабинеттері, жаттығу залдары мен коворкинг аймақтары қарастырылған.
Орталықтарда ақылы бағыттармен қатар ваучерлер арқылы тегін қатысуға болатын сабақтар да бар.
Жаңа Оқушылар сарайларының ашылуы елордадағы қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, балаларға қызығушылықтарына сай үйірмелерді үйіне жақын жерден таңдауға мүмкіндік береді.
Астанадағы Оқушылар сарайлары желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Жаңа білім беру кеңістіктері балалардың қабілеттерін ашуға, шығармашылық әлеуетін арттыруға және жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.